
Алматыда алғаш рет Дүниежүзілік стоматологтар федерациясының Еуропалық секциясының пленарлық отырысы өтті. Форумға 48 елден 110 делегат қатысып, Еуропа мен Орталық Азиядағы стоматология саласының даму мәселелерін талқылады.
Қатысушылар ауыз қуысы ауруларын диагностикалау мен емдеуде инновациялық технологияларды қолдану, клиникалық практиканың түрлі аспектілері, күрделі жағдайларда жасалатын хирургиялық араласулар және профилактика шараларының заманауи тәсілдері туралы пікір алмасты.
Жиынның ашылуында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтау сөз сөйлеп, стоматологияның қоғамдық денсаулықты қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Министрдің айтуынша, стоматологиялық мәртебе – ағзаның жалпы жағдайының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан стоматологиялық ауруларды азайтуға бағытталған шаралар жүйесі ұлт денсаулығын жақсарту бағдарламаларының ажырамас бөлігі болып табылады.
Министр барлық стоматолог дәрігерлерді профилактикалық шаралар арқылы ауру деңгейін төмендету үшін күш біріктіруге шақырды.
Өткен жылдан бастап Қазақстанда мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған бағдарлама іске қосылды.
Бұл бағдарлама:
- Ауруларды ерте кезеңде анықтау,
- Динамикалық бақылау арқылы стоматологиялық аурулардың таралуын 10%-ға азайту,
- Балалар үшін стоматологиялық көмектің қолжетімділігін 80%-ға дейін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Қазақстанда стоматология – шетелдік медициналық туристерді тартатын ең қарқынды дамып жатқан медициналық салалардың бірі.
Бүгінде елімізге тіс емдеу, пародонт тіндерін қалпына келтіру, денталдық имплантация және протездеу үшін АҚШ, Германия, Иран, Ресей және ТМД елдерінен азаматтар келуде.
Бұл – Қазақстандағы стоматологиялық көмектің жоғары сапасының айқын дәлелі.