Атырау, 28 мамыр 10:56
 ашықВ Атырау +31
$ 512.16
€ 580.94
₽ 6.39

Атырауда есірткіге тәуелді 2500-ден астам адам бақылауда

574 рет қаралды

Атырау облысында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу, оңалту және алдын алу шаралары, сондай-ақ 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев өңірде 2500-ден астам адам психобелсенді заттарды қолдану салдарынан динамикалық бақылауда тұрғанын, оның 530-ға жуығы есірткіге тәуелді ретінде тіркелгенін мәлімдеді. 

76 адам стационарлық ем қабылдаса, 18 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. 

ОАҚТ бағдарламасы бойынша 8 науқас емделіп жатыр, 13 адам есірткіден бас тартқан.

Атырау қаласы, Жылыой және Мақат аудандарында нашақорлықтың алдын алу шаралары жүргізілуде. 

Жылыой ауданында 90 адамды қамтыған 4 профилактикалық шара өткізілген, ал Мақат ауданында 17 нашақор есепте тұр.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы 204 іс-шара өткенін айтты. Оның ішінде 114 лекция, 9 дөңгелек үстел, 10 семинар, 11 мәдени-спорттық шара және 36 түрлі форматтағы акциялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Жастар нашақорлыққа қарсы» атты подкастар, бейнероликтер мен форумдар өткізілген.

  • Кешенді жоспардың 16 тармағының төртеуі толық орындалмаған. 
  • Түнгі клубтардағы рейдтік шаралардың жүйесіздігі 
  • CADCA әдіснамасы негізіндегі жергілікті модельдің қалыптастырылмауы 
  • Еңбек шеберханаларындағы өнімнің сатылмауы

Жасұлан Бисембиев нашақорлықтың алдын алу үшін қоғамдық ұйымдармен, БАҚ-пен және білім, денсаулық саласы өкілдерімен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.

«Бұл күресте қоғам болып жұмылуымыз қажет. Әр ведомство өз үлесін қосқанда ғана нәтиже болады. Жастарымызды есірткіден арашалау – басты мақсат», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын соңында штаб жетекшісі көтерілген мәселелерді отырыс хаттамасына енгізіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді. 

22 мамыр, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.



OSZAR »