Атырау, 13 маусым 06:53
 ашықВ Атырау +30
$ 511.77
€ 593.19
₽ 6.41

ҚМГ басшысы "Ембімұнайгаз" АҚ кен орындарына барды

Сурет
338 рет қаралды

ҚазМұнайГаз ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында Ембімұнайгаз АҚ-ның Прорва кен орындары тобында болып, мұнай мен газ өндіру тиімділігін арттыру және операциялық шығындарды қысқарту жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жылыой ауданындағы Батыс Прорва кен орнында газ ұңғымаларын игеру бойынша бірінші іске қосу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады:

  • Бірінші кезеңде мұнай өндіру көлемі жылына 45 мың тоннаға, ал газ өндіру 160 млн текше метрге дейін ұлғайтылады.
  • Екінші және үшінші кезеңдер 2026-2027 жылдары іске асырылып, Батыс Прорвада газ өндіру көлемін 600 млн текше метрге дейін жеткізу жоспарланған.

Исатай ауданындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында жылдық қуаты 80 млн текше метр болатын газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Қондырғыны 2026 жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Кен орнын игеру басталғаннан кейін жылына 100 мың тоннадан астам мұнай өндіру мүмкіндігі пайда болады.

ҚМГ басшысы Асхат Хасеновтің Атырау облысына жұмыс сапары, ҚМГ баспасөз қызметі ұсынған суреттер
ҚМГ басшысы Асхат Хасеновтің Атырау облысына жұмыс сапары, ҚМГ баспасөз қызметі ұсынған суреттер
ҚМГ басшысы Асхат Хасеновтің Атырау облысына жұмыс сапары, ҚМГ баспасөз қызметі ұсынған суреттер
ҚМГ басшысы Асхат Хасеновтің Атырау облысына жұмыс сапары, ҚМГ баспасөз қызметі ұсынған суреттер

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқу-өндірістік полигонында құрылыс-монтаждау жұмыстары 95% аяқталған. Студенттер жерасты жөндеу жұмыстарын меңгеруі үшін бұрғылау ұңғымалары қазылды. 15 оқу алаңы салынған, онда студенттер практикалық тапсырмаларды орындайды. Нысанды 2025 жылдың соңында тапсыру жоспарланған.

Ембімұнайгазда өндірістік мәселелерге арналған кеңес өтті. 5 айдың қорытындысы бойынша компания 1 млн 140 мың тонна мұнай өндіріп, жоспарды 14 мың тоннаға асыра орындады. 2025 жылға арналған мұнай өндіру жоспары — 2 млн 813 мың тонна.

Жиында игеріліп жатқан және тиімділігі төмен кен орындарын барлау, Батыс Қарасор кен орнын дамыту, Қисымбай мен Ақінген кен орындарындағы газ қабаттарын игеру, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Батыс Қарасорда биыл мұнай өндіру басталады, мұнда мұнай қоры — 3 млн 102 мың тонна, газ қоры — 96 млн текше метр.

ҚМГ басшысы Ембімұнайгазға мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру үшін инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ компанияның тұрақты дамуы үшін операциялық шығындарды оңтайландыру міндеттерін жүктеді.

10 маусым, 20:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.



OSZAR »