Атырау, 27 маусым 10:28
 ашықВ Атырау +27
$ 518.34
€ 607.18
₽ 6.62

Қызылқоға ауданында жаңа көпір ашылды

Сурет
437 рет қаралды

Қызылқоға ауданында жаңа инфрақұрылымдық нысан — көпір іске қосылды. Бұл жоба аудан орталығы мен Жангелдин, Жасқайрат, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қарабау ауылдық округтері, сондай-ақ көршілес Индер ауданы арасындағы көлік қатынасын толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 

Бұл туралы Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— 2024 жылдың көктемінде орын алған су тасқыны салдарынан аудан орталығы мен бірқатар ауылдық округтер арасындағы жол бөліктері шайылып, көлік қозғалысы уақытша тоқтап қалған еді. Сол кезде тұрғындар ауылдар мен аудан орталығына айналма жолдар арқылы қатынауға мәжбүр болды. Қазір бұл мәселе толығымен шешіліп, халық жаңа көпірдің пайдасын көріп отыр, — деді Е. Хайноллаев.

Мердігер ұйымның президенті Әділбек Нұрлығожиевтің айтуынша, көпірдің кіреберістерімен бірге жалпы ұзындығы 580 метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары барысында барлық стандарттар мен техникалық талаптар толық сақталған.

— Үш аралықты көпірдің ұзындығы 54 метр. Құрылыс кезінде заманауи асфальт төселді, көпір толық жарықтандырылды. Жол қозғалысын реттейтін арнайы белгілер қойылып, сызба жолақтар сызылды. Жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер мен су өткізу арналары да қарастырылып, қауіпсіздік ережелері толық сақталды, — деді “Атырауинжстрой” ЖШС президенті Ә.Нұрлығожиев.

Айта кетейік, көпір құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған. Жобаны «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Бүгінде нысан толық пайдалануға беріліп, аудан тұрғындарына қызмет етіп тұр.

12 маусым, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.



OSZAR »