
АҚШ президенті Дональд Трамп пен кәсіпкер Илон Маск әлеуметтік желілерде ашық жанжалға барды. Бұл туралы NBC хабарлады.
Маск Трамп ұсынған ірі бюджет жобасын қатаң сынға алып, оны «жиіркенішті» деп атады. Жоба федералды шығындарды қысқартқанымен, салықтық жеңілдіктерді қарастырады. Миллиардердің пікірінше, бұл оның мемлекеттік сектордағы еңбегін жоққа шығарып, АҚШ бюджетінің тапшылығын ұлғайтады.
Трамп бұған жауап ретінде Маскке реніш білдіріп, оған көп көмектескенін, алайда соның орнына «алғыс емес, айыптау» алғанын айтты. Маск Трамптың сайлаудағы жеңісіне өзінің қолдауы үлкен рөл атқарғанын алға тартты және оны импичментке шақырды.
NBC мәліметінше, республикашылдар Трамп пен Маск арасындағы текетірес ұзаққа созылып, апталарға, айларға, тіпті жылдарға жалғасуы мүмкін деп алаңдаулы. Бұл партия үшін жағымсыз салдарға әкелуі ықтимал.
Конгресс мүшелері Маск 2026 жылғы аралық сайлауда оларға қарсы жұмыс жүргізіп, өз орындарынан айырады деп қорқады. Басылым дереккөздерінің айтуынша, енді Илон Маск Трамппен байланысты саяси комитеттерге уәде еткен 100 млн доллар көлеміндегі қаржыны салмайды.