
Жаңа бағыт Қазақстанның батыс өңірін Өзбекстан астанасымен байланыстырады.
2025 жылғы 15 шілдеден бастап қазақстандық лоукостер FlyArystan Атырау – Ташкент – Атырау бағыты бойынша тұрақты тікелей рейстерді іске қосады. Бұл туралы авиакомпанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Билеттер қазірдің өзінде авиакомпанияның ресми сайтында және мобильді қосымшасында сатылымға шықты.
Ұшу кестесі:
- Шілде – тамыз: сейсенбі, бейсенбі, жексенбі
- Қыркүйек – қазан: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма
Билеттер бағасы 34 000 теңгеден басталады (бір бағытқа). 5 кг-ға дейінгі қол жүгін алып жүруге мүмкіндік бар, кездейсоқ орын ұсынылады. Қосымша қызметтер бөлек сатып алынады.
FlyArystan президенті Ричард Леджер:
"Атырау – маңызды экономикалық орталық, ал Ташкентпен тікелей әуе қатынасы бизнес, туризм және отбасылық сапарлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз халықаралық бағыттарды қолжетімді ету үшін ұшу географиясын кеңейтуді жалғастырамыз".
Атырау – Ташкент бағыты FlyArystan-ның Орталық Азиядағы белсенді кеңеюінің жалғасы болды.
Авиакомпания 2023 жылдың шілдесінен бастап Астанадан Ташкентке тұрақты рейстерді орындап келеді.