
Көктемгі тасқыннан кейін бөлініп қалған көлшіктерде қалып қойған балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша 11,4 миллионнан астам шабақ табиғи ортасына жіберілген.
18–26 маусым аралығында Құрманғазы ауданында 85 адам 17 техниканың жұмылдыруымен 1,9 миллионнан астам шабақ Шарон мен Қиғаш өзендеріне көшірілсе, 25 маусымда Махамбет ауданында Жайық өзеніне бір күнде 200 мың мөңке шабағы жіберілді. Ал 18–23 маусым аралығында Атырау-Астрахань жолы бойында 3 тоннадан астам балық аулап, табиғи ортаға қайтарылды.
- Инспекция мамандары су айдындарын күнделікті бақылап отыр. Көп мөлшерде балық байқалған жағдайда құтқару жұмыстары жалғасады. Осындай жағдайлар байқалса, тұрғындардан тиісті органдарға хабар беруін сұраймыз, - деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің Бас маманы Алмас Жұмашев.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ