
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы (БҰҰ АҚЖКБ) Кенияда өткен жаппай наразылықтар кезінде адам өлімі мен жараланғандар туралы хабарларға байланысты терең алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы басқарманың баспасөз хатшысы Лиз Троссел мәлімдеді, деп хабарлайды АА.
«Кенияда сәрсенбі күні өткен наразылықтар кезінде полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болып, көптеген адам жарақат алғаны және кейбіреулері қаза тапқаны жөніндегі хабарларға қатты алаңдаулымыз», – деді Троссел. Оның айтуынша, әсіресе оқпен жараланғандар туралы мәліметтер ерекше алаңдаушылық туғызуда.
Троссел Кения полициясы әрекеттерін бақылаушы Тәуелсіз қызметтің оқиға бойынша тергеу басталғаны туралы мәлімдемесін назарға алғанын жеткізді. Ол әділдік орнату және болашақта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін тергеу жедел, жан-жақты, тәуелсіз әрі ашық түрде жүргізілуі керек екенін атап өтті.
БҰҰ өкілі барлық тарапты сабырға және ұстамдылыққа шақырып, бейбіт жиналыс өткізу мен пікір білдіру бостандығы — құқық үстемдігінің негізін құрайтын басты қағидаттар екенін және олар баршаға тең дәрежеде қорғалуы тиіс екенін еске салды.
Айта кетейік, былтыр да салық реформасына қарсы ұйымдастырылған наразылықтар кезінде полицияның қатыгез әрекеттерінен 16 адам қаза тапқан болатын.
Ал биыл, 2024 жылдың 25 маусымында, он мыңдаған адам үкімет ұсынған салықты көтеру туралы заң жобасына қарсы көшеге шықты. Наразылық кезінде парламент ғимараты басып алынып, полиция халыққа оқ жаудырған. Салдарынан 60-тан астам адам қаза тапты.