
2025 жылғы 25 маусымда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жалған ақпарат таратқаны үшін азаматша Бақыт Әділоваға қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды.
Іс «Қазақмыс» ЖШС-нің өтініші негізінде қозғалған. Бақыт Әділова аталған серіктестіктің бұрынғы қызметкері бола отырып, YouTube арнасы арқылы «Қазақмыс» ЖШС-нің кен шикізатын және оны қайта өңдеу өнімдерін елден тыс жерге химиялық құрамын бұрмалап шығаратыны, сондай-ақ заңсыз қысқартулар мен қызметінен шеттетуге қатысты жалған мәліметтер таратқан.
Сотта Әділова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін мәлімдеді және істі тоқтатуды сұрады.
Алайда сот отырысында жарияланған мәліметтер расталмады. Соған байланысты сот Бақыт Әділованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салды.
Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.