
Жуырда әлеуметтік желілерде 1944 жылы неміс-фашист қолбасшылығының тапсырмасымен диверсиялық топпен бірге Гурьев облысына түскен обер-лейтенант Әлихан Ағаевтың толық ақталғаны туралы ақпарат кеңінен таралып, үлкен резонанс тудырды.
Алдымен айта кету керек, гитлерлік әскерлер Еділ өзеніне жеткен соң, Батыс Қазақстан түгелдей дерлік Германияның әскери барлау қызметі — абвердің назарындағы аймаққа айналды. Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл өңірге алты парашютшы топ пен ондаған агент жасырын түрде жіберілгені белгілі. Олардың арасында тұтқынға түсіп, кейін диверсиялық әрекеттермен айналысу үшін арнайы барлау мектептерінде дайындықтан өткен жергілікті ұлт өкілдері, сонымен қатар, олардың қатарында Түркістан легионының құрамында болған жауынгерлер де бар еді.
Диверсанттарды жоюға қатысты нақты мәліметтер әлі күнге дейін құпия күйде сақтаулы. Дегенмен, солардың ішінде ерекше белсенділік танытқан бір топ туралы бірқатар басылымдарда кеңінен жазылған. Бұл — 14 адамнан тұратын диверсиялық топ болатын. Оларға фашистік армияның обер-лейтенанты Әлихан Ағаев басшылық еткен. Алайда бұл — бүркеншік есім. Оның шын аты — Әмірхан Тілеумағамбетов. Ол Жылқосын (қазіргі Жылыой) аудандық жер бөлімінде агроном болып қызмет еткен, әрі бұрынғы Қызыл Армия командирі болған. Соғыс кезінде тұтқынға түсіп, кейін немістермен бірігіп жұмыс істеуге келісім берген.
Бұл топ 1944 жылдың 3 және 5 мамыр күндері екі бөлікке бөлініп, Жылқосын ауданының Ақмешіт маңына парашютпен түсірілген. Оларға жүктелген тапсырма — Гурьев пен Орск арасындағы теміржол мен мұнай құбырын істен шығару еді. Алайда бұл диверсанттардың басты мақсаты — кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыру болатын.
Бүгінде Ағаев тобының диверсанттары туралы түрлі деректерді интернеттен көптеп табуға болады. Жыл өткен сайын бұл оқиғаларға қатысты жаңа, кейде күтпеген мәліметтер пайда болуда. Алайда сол ақпараттардың көпшілігі ресми мұрағат құжаттарына сүйенбей, нақты дереккөзсіз таратылып келеді. Диверсиялық топ мүшелері және сонау замандағы мәліметтермен мына жерде танысуға болады.
Ал мамыр айында әлеуметтік желілерде тағы бір шу шықты: кей жазбаларда топтың барлығы болмаса да, кемінде басшысы ақталды деген ақпарат тарады. Бұл хабарламада ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы құрылған, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде ақталған делінеді. Дәлел ретінде Тілеуғамбетовтің қабіріне қойылған құлпытастың суретін жариялады.
Атырау облысы әкімінің аппараты жетекшісі Нұрлыбек Жеңісбекұлы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Әмірхан Тілеумағамбетовтің қабіріне қойылған құлпытас өткен жылы Қызылқоға ауданының Тасқұдық ауылынан 5 шақырым жердегі Жантерексай деген жерде орнатылған. Бұл бастаманы оның қарындасы көтеріп, бауырының рухына тағзым ету мақсатында құлпытас қойдырған.
«Құлпытас жеке қаражатқа, болжам бойынша жерленген орынға қойылған. Бұл бастама Құран бағыштау сипатында болған және мемлекеттік органдармен келісілген жоқ», – делінген облыс әкімінің аппараты жолдаған жауапта.

Атырау облысы бойынша өңірлік ақтау комиссиясы ресми түрде өз жұмысын 2023 жылдың желтоқсанында аяқтады. Комиссия құрамына жетекші ғалым-ұстаздар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының ректорлары, депутаттар, архив ісі мамандары, басқарма және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. Өңірлік комиссияның өкілетті органы ретінде Атырау облысы ішкі саясат басқармасы қызмет етті.
«Өңірлік комиссия ақтауға қатысты шешім қабылдаған жоқ. Оның құзыретіне архивтік материалдарды қарау және талдау, тұлғаның саяси қуғын-сүргін құрбаны екендігін анықтау, әрі мәселені әрі қарай қарастыру үшін Мемлекеттік комиссияға ұсыныстар дайындау кірді. Әрбір жеке істің соңғы шешімін Мемлекеттік комиссия қабылдайды, – деп атап көрсетілген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Гүлнұр Сүйеуованың қол қойған жауабында. – Өңірлік комиссия Гурьев облысының тумасы Әмірхан Тілеумағамбетовтің басқаруындағы барлау-диверсиялық топтың ісін қарамады».
Тағы бір жайт. Ішкі саясат басқармасының дерегінше, "Түркістан легионы құрамынан Гурьев облысының 827 тумасы анықталды. Олардың ішінде құжаттар бойынша 60 адам ақталмаған».
Лев ГУЗИКОВ
Сурет ашық дереккөздерден алынды