
Құлсары қаласындағы зауыт маңына "Базис Ойл" ЖШС отырғызған ағаштар қурап кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасыл желекке тиісті күтім жасалмаған.
Бұған дейін тұрғындармен кездесу кезінде компания өкілдері 400 тал отырғызылғанын хабарлаған болатын. Алайда куәгерлердің сөзінше, зауыт аумағынан тыс жерлердегі көшеттер қурап қалған. Ал ауласының ішіндегі ағаштар көктеп тұр.
"Талдар еккенбіз, бірақ өспей жатыр. Мүмкін жер сор болғандықтан шығар. Топырағын ауыстырып, қайтадан тал отырғызамыз" дейді "Базис Ойл"ЖШС-і өкілдері өз жауаптарында.
ЖШС Құлсары қаласының 615 шағын ауданына жақын орналасқан. Тұрғындар ЖШС-нің салдарынан автокөлік жолдары бүлініп, сасық иістен демалу қиындағанын, түнде шамадан тыс дыбыстардан денсаулықтарына әсер беріп отырғаны жөнінде бірнеше рет наразылық танытып, көшірілуін талап еткен болатын. Құзырлы мекемелер айыппұл салумен келеді. Соңында санитарлық зонасы қалыпты деңгейде орналасқан деп шешім шыққан болатын.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүнафис АЙШУАҚОВА "Базис Ойл" ЖШС экологиялық мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулары Ережеге сәйкес болмауына байланысты өтпеді деп танылды, -депп хабарлады.
Аудан тұрғындары кәсіпорын тұрғын үйлерге тым жақын орналасқанын айтып, наразылықтарын жалғастыруда. Иіс, шу және бүлінген жолдарға қатысты шағымдар әлі күнге нақты шешімін тапқан жоқ. Жеке айыппұлдар салынғанына қарамастан, зауыт бұрынғы режимде жұмыс істеп тұр, ал абаттандыру жөніндегі уәделер қоршау сыртындағы қураған ағаштарға айналып жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА