Атырау, 18 маусым 00:40
 ашықВ Атырау +24
$ 517.45
€ 598.59
₽ 6.58

Бөдене ауылындағы демалыс орындары ​тас-талқан

Сурет
128 рет қаралды

Индер ауданы Бөдене ауылындағы спорт алаңы мен саябақ адам көргісіз күйде, тас-талқаны шығып жатыр. 

Мектеп ауласында орналасқан спорт алаңы 2013-2014 жылы бюджет қаржысына салынғанымен ешкім қабылдап алмағандықтан иесіздік қамытын киген. Нысан ретінде тіркелмегендіктен баланста жоқ. Соның салдаранан нысанды күтіп ұстау назардан тыс қалған. 

Тұрпайы көрінісімен шошытқан алаңның сыртқа қоршаулары ашық-тесік айра-жайра болып жатыр. Кезінде төселген газондарда күй жоқ, жыртылып қалған. Бірақ басқа барар жері қалмағандықтан ауыл балалары мен жастары әлі күнге бұл алаңнан шықпайды.

- Қайда барамыз, ақыры осы жерге қайтып келеміз. Біздің ауылда демалыс орны жоқ, сосын балалар мен жастар осында жүреді, күн ұзақ болғандықтан кештетіп футбол ойнаушылар көбейеді,-дейді есімін айтудан бас тартқан тұрғын. 

Дәл соның қасында спорт алаңының құрылысы өткен жылы басталып, тоқтап қалыпты. "Salem Construction" ЖШС шағын футбол, баскетбол, валейбол алаңдарының қоршауларының бағаналары тұрғызып қоршаған. Биыл жұмыс жалғасын таппапты. 

Ауылға кіреберіс "Жастар саябағы" да адам көргісіз күйде. 2019 жылы пайдалануға берілген саябақ демалыс орны емес, қорқынышты орынға айналған. Отырғыштар сынып, жарық шамдары жерде құлап жатыр. Саябақтың төрінде 3 млн теңге бөлініп, бар жоғы 48 шаршы метр болатын воркаут алаңшасын ЖК "Purchase" (Г. Кененова) салған. Ондағы құрылғыларды "БАТР КЗ" ЖШС-нен Алматыдан алдырыпты. 

Кейін Бөдене округінің әкімі Шырай МЕРҒАЛИЕВА спорт алаңының құрылысына байланысты құжаттарына түзетулер енгізіп жатқанын, жұмыс шілде айында жалғасатынын айтты. Ал саябақты абаттандыру, жарықтандыру, су жүйесін қалыпқа келтіру үшін мердігер мекеме анықталыпты. 

Қалай еткенде ауылдағы көңілсіз көріністер көңілді құлазытып тұр: қираған құрылымдар, аяқталмаған нысандар мен бос жатқан кеңістіктер. Бір кездері бұл жерлерге миллиондаған қаржы құйылған еді. Егер ойын қуған балалар күн сайын келіп жүрмесе, бұл аумақтың демалыс орны болуы керектігін ешкім есіне де алмас еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

Кеше, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.



OSZAR »