
Анкара Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған Madleen кемесіне Израиль күштері тарапынан жасалған шабуылға байланысты жағдайды жіті қадағалап отыр. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрлігіндегі дипломатиялық дереккөздер хабарлады, деп жазады АА.
Түркияның Тель-Авивтегі елшілігі жағалауға жеткеннен кейін Madleen бортындағы түрік азаматтарын тезірек босату үшін тиісті қадамдарды жасаған. «Madleen кемесінде болған азаматтарымыздың жағдайы мұқият бақылануда», – деді министрлік өкілдері. Сондай-ақ, туыстары жағдайдан үнемі хабардар етіліп отырғаны айтылды.
Израиль әскері Газа секторына гуманитарлық жүкпен бағыт алған Madleen кемесін басып алды. «Бостандық флотилиясы» коалициясының мәліметінше, бортта 12 құқық қорғаушы болған. Израиль операциясы басталғаннан кейін олармен байланыс үзілген.
Madleen – Газаға блокаданы бұзып, көмек жеткізуді көздеген «Бостандық флотилиясының» соңғы миссиясына қатысқан кеме. Ұзындығы 18 метрлік желкенді кеме 1 маусымда Италияның Катания қаласындағы Сан-Джованни Ли Кути портынан шыққан.
Кеме бортындағы белсенділер Израиль тарапынан кедергі келсе, қарсылық көрсетпейтінін алдын ала мәлімдеген. Соған қарамастан, Израиль әскері кеменің жолын бөгеп, операция жүргізген.
Кемеде болған 12 адамның қатарында Франциядан Еуропарламент депутаты Рима Хассан, Германия азаматы Ясемин Аджар, Түркия азаматы Хүсейін Шуаиб Орду, Бразилиядан Тьяго Авила, Испаниядан Серхио Торибио, Нидерландыдан Марко ван Ренн, Франциядан Батист Андре, Рева Виар, Паскаль Маурьерас пен Янис Мхамди, Швецияның климат белсендісі Грета Тунберг және журналист Омар Фаяд бар.