Атырау, 22 маусым 08:24
 бұлттыВ Атырау +25
$ 521.57
€ 601.01
₽ 6.65

Қорғаушыдан талапкерге дейін: "KazGlobalSolution" ЖШС кәсіподақ мүшелерін қалай жазалайды

513 рет қаралды

Қақтығыстың түп төркіні – жай ғана еңбек дауы емес, жұмысшыларды қолдаған кәсіподаққа жұмыс беруші тарапынан көрсетілген ашық қарсылық. Өкінішке қарай, мұндай көзқарас қазіргі өндіріс саласында жиі ұшырасатын үйреншікті жағдайға айналып барады.

«Мәжбүрлеп қол қойғызбақ болды»

Қадырбек Табылдиев – бұған дейін "KazGlobalSolution" ЖШС-нің заң бөліміне жетекшілік етіп, компания мүддесін сотта қорғаған заңгер. Алайда жағдай күрт өзгерді: ол қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғауға кіріскен сәттен бастап, басшылықтың қысымына тап болды. Жаппай жұмыстан босатылып, зиянды еңбек жағдайы үшін өтемақысыз қалған жұмысшылардың жағында тұрған Табылдиев компания құрылтайшысына тікелей жүгінген. Осыдан кейін жаңа басшылық оған наразы көзқарас таныта бастайды.

Табылдиевтің айтуынша, ол кәсіподаққа мүше болғаннан кейін жағдай тіптен ушығып кеткен. Оны жұмыстан шығуға мәжбүрлеп, қорқытып-үркіту әрекеттері басталған. Тіпті отбасы мүшелері, тұрғылықты мекенжайы мен балалары жайлы мәліметтер арқылы қысым көрсетілген. Компания қызметкерлерінің бірі — заңгер Олег ПОЛЕНИН оның қасына тақалып отырып, қолын күштеп басып, оны жұмыстан шығу және кәсіподақтан кету туралы өтінішке қол қоюға мәжбүрлеген. Отбасының амандығына алаңдаған ол еріксіз көнген. Алайда біраз уақыт өткен соң, ол жазған өтінішін кері қайтарып алады. Дегенмен, компания директоры Чапа ЧАГЛАР бұл өтінішті қайта қабылдаудан бас тартқан. Осыдан кейін Табылдиев Машина жасау саласының кәсіподағына көмек сұрап жүгінген.

АЖ АНЫҚТАМАСЫ

"KazGlobalSolution" ЖШС 2003 жылы тіркеліп, 2022 жылы қайта тіркеуден өткен. Негізгі қызмет бағыты – магистралды мұнай-газ құбырларын салу және мұнай мен газ өндіруге қатысты қызметтер көрсету. 2024 жылғы 26 маусымнан бастап компанияны Чапа Чаглар басқарады. Құрылтайшысы ретінде Телжан Балжігітов көрсетілген.

Компания атауы сот істерінде жиі аталады. Ашық деректерге сүйенсек, ол 46 азаматтық және 3 әкімшілік іске қатысқан. Бұл істердің басым бөлігі еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты қозғалған.

...Кәсіподаққа деген теріс көзқарасты кадр бөлімі қызметкерлерінің ішкі хат алмасуы айқын көрсетіп отыр. Бұл хаттар кәсіподақтың қолына түскен. Хаттарда:

«...Профсоюзник екен. Соған байланысты увольнениеге кетеді»

«...Профсоюз адамдары кері жұмысқа қабылданбайды»  делінген.


Қақтығыс хикаясы

Қадырбек Табылдиев 2024 жылдың 20 мамырында KazGlobalSolution ЖШС-не жетекші заңгер кеңесшісі болып жұмысқа орналасады. Ал 1 шілдеден бастап ол заң бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Сол кезде компанияда шамамен 1600 адам жұмыс істеген. Басым бөлігі — Теңіз пен Қарабатан кен орындарындағы ауысым жұмысшылары.

Табылдиевтің айтуынша, шілдеден бастап оған компанияның бас директоры Чапа Чаглар мен штаттан тыс заңгер Олег Поленин тарапынан жүйелі қысым жасала бастаған. Бұл қысымның себебі — оның еңбек заңдарын сақтау, зиянды еңбек жағдайлары үшін төлемдер жасау, іс-сапар шығындарын өтеу талаптары және кәсіподақ бастамаларын қолдауы болған.

— Мен іссапар кезінде адам тамаққа өз қалтасынан ақша шығармауы керек деп айттым. Зиянды еңбек жағдайы үшін өтемақы төлеуді талап еттім. Сонда маған: «Неге қаржыға араласасың?» деді, — дейді ол.

Оның айтуынша, заң бөліміне қосымша қолдау сұрап, құрылтайшыға жүгінгеннен кейін қысым күшейе түскен.

Табылдиев өзіне қатысты болған бір жағдайды айтып берді: екі қызметкер арасындағы дауды келісім комиссиясына жібергені үшін оған заңсыз түрде қатаң сөгіс берген. Сол үшін айлығынан 100 мың теңге ұстап қалған. Алайда ол сотқа жүгініп, нәтижесінде сөгіс күшін жойып, ақшасы қайтарылған.

— Маған бұрынғы заң бөлімінің басшысы хабарласып, арызыңды қайтарып ал деп өтінді. Бәрі шешілді деді, бірақ бір куәгерді сотқа шақырмауымды сұрады. Мен келіспедім, — дейді заңгер.

Табылдиев өзіне көрсетілген қысым мен кәсіподақ мүшесі болғаны үшін жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Ол жұмыстан шығу туралы өтінішті 2024 жылдың 11 желтоқсанында жазған, ал 2025 жылдың 14 қаңтарында жұмысқа қайта алу туралы сотқа арыз берген.

Атырау қалалық соты Машина жасау саласының кәсіподағы Табылдиевтің атынан түсірген талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Сот оны жұмыстан шығару заңсыз деп танып, компанияны Табылдиевті қайта жұмысқа алуға міндеттеді. Сонымен қатар мынадай өтемақылар төлеуге шешім шығарды: 1,8 миллион теңге — жұмыссыз жүрген уақыты үшін; 100 мың теңге — моральдық залал үшін; шамамен 4 миллион теңге — төлемді кешіктіргені үшін; 350 мың теңге — кәсіподақ өкілінің қызметіне төленетін ақы.

Алайда Табылдиев бұрынғы қызметіне оралған жоқ — ол қазір басқа жұмысқа орналасқан. Соған қарамастан, KazGlobalSolution өкілдері оны қайта штатқа қабылдауға тырысып, барлық талаптардан және апелляциялық шағымнан бас тартатыны жөнінде қолхат жазуын сұраған. Бірақ Табылдиев бұл жолы да келіспеді.

Кәсіподақ мүшелерінің “қара тізімі”

Табылдиевтің айтуынша, оның жұмыстан шығарылуы — кәсіподаққа қысым жасауға бағытталған жалпы жоспардың бір бөлігі. Ол компанияда кәсіподаққа қатысы бар қызметкерлердің “қара тізімі” болғанын айтады. Мұндай қызметкерлер түрлі сылтаумен жұмыстан босатылған.

— Еңбек инспекциясы зиянды еңбек жағдайы үшін төлем жасалмағаны үшін айыппұл салғаннан кейін компанияда жаппай жұмыстан шығару басталды. Ал мені жағдайды ушықтырып жатыр деп айыптады, бірақ мен тек өз жұмысымды атқарып жүрдім, — дейді Табылдиев.

Оның айтуынша, қысым күшейген соң кәсіподақтың жұмысы тоқтап қалған: белсенді мүшелерді басқа нысандарға ауыстырды, жалақыларын азайтты, кейбірінің келісімшарттарын мүлде ұзартпай қойды.

Сот дауы жалғасып жатыр

Бірінші сатыдағы сот 2025 жылдың 14 қаңтарынан 31 наурызына дейін, шамамен екі жарым айға созылды. Алайда 28 сәуір күні компания апелляциялық шағым түсірді. Табылдиев "қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін барам" дейді.

Компания заңгері Олег Поленин WhatsApp мессенджері арқылы оған қысым жасау туралы айыптаулар мен бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспейтін тұстары жайлы сұрақтарға: «Істі үшінші тұлғалармен талқылауға құқығым жоқ», — деп, қысқа ғана жауап берді

KazGlobalSolution компаниясының бұрынғы қызметкері Қадырбек Табылдиевқа қатысты жағдай және айтылған айыптауларға байланысты, редакция 5 маусым күні компания басшылығына комментарий беру туралы өтінішпен электронды поштаға сауал жолдады. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, жауап бес жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.

Айнұр САПАРОВА

9 маусым, 12:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.



OSZAR »