
ҚР Сыртқы істер министрлігі Мысырда Шарм-эль-Шейх әуежайында Қазақстан азаматының қайғылы қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды bes.media.
Оның айтуынша, Мысырдың көлік министрі тергеуді жеке бақылауына алды. «Менің білуімше, қылмыстық іс қозғалды. Алайда, өкінішке орай, іс бойынша мәліметті ашып айта алмаймын, себебі бұл ақпарат тікелей қайтыс болған адамның туыстарымен талқыланады», -- деп атап өтті Смадияров.
Оның сөзінше, қазақстандық тарап қайғылы оқиғаның алғашқы сәттерінен бастап қайтыс болған адамның отбасымен байланысып отыр және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Қайтыс болған адамның денесі Қазақстанға 21 мамырда жеткізілді.
Смадияров сондай-ақ қазақстандық тараптың Мысырдың туристік нысандарындағы және әуежайларындағы қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық білдіргенін атап өтті. «Біз қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап еттік, өйткені Мысыр қазақстандық туристер үшін танымал бағыт», -- деп қосты дипломат.
Қайғылы оқиға 18 мамырға қараған түні болды. Шарм-эль-Шейх әуежайының №2 терминалының күту залында баннер құлап, жолаушылар арасында дүрбелең тудырды деп хабарланады. Куәгерлер әуежай қызметкерлері оқиғаның ізін тез арада жоюға тырысып, түсірілімге кедергі келтіргенін айтады.
Оқиғадан кейін Астанаға ұшаққа отырғызу мерзімінен бұрын басталды, ал жолаушылар ұзақ уақыт автобуста ұшатын уақытты күтіп отырды. Ұшақ жергілікті уақытпен 01:17-де ұшып, Астанаға 08:32-де қонды.