
Павлодар мұнай-химия зауыты (https://t.me/pnhzkz) (ПМХЗ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) биыл 18 маусым мен 17 шілде аралығында жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Қазмұнайгаздың баспасөз қызметі.
Бұл жұмыс «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерін сақтау үшін орындалады. Қысыммен жұмыс істейтін жабдыққа (110 бірліктен астам), сондай-ақ технологиялық құбырларға (930 бірліктен астам) міндетті техникалық куәландыру және сараптама жүргізу жоспарланған.
Жоспарлы алдын алу жұмыстары ҚР Энергетика министрлігі 2025 жылға бекіткен кестеге сәйкес жүргізілетін болады. Жоспарлы алдын алу жұмыстарына 1100-ден аса адам және мердігер ұйымдардың 107 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылады. Қазіргі уақытта ПМХЗ 2025 жылғы жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін кестеге сәйкес дайындық іс-шараларын атқарып жатыр.
ПМХЗ жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде ішкі нарықта жанар-жағармай материалдарының тұрақтылығын сақтау және мұнай өнімдерін жөнелтуді қамтамасыз ету үшін тауар өнімдерінің мынадай қорын жинақтауды жоспарлап отыр: бензин — 50 000 тонна, дизель отыны — 25 000 тонна, авиакеросин — 7 000 тонна. Бұл мұнай өнімдерін Энергетика министрлігінің жеткізу кестесіне сай ішкі нарыққа жөнелтіп отыратын болады.
Аталған кезеңде жүргізілетін ең ірі жұмыстардың қатарында — мұнайды бастапқы өңдеу өндірісіндегі газ компрессорлық ЦК-201 ортадан тепкіш компрессордың турбинасын күрделі жөндеу және керосинді гидротазарту қондырғысындағы катализаторды ауыстыру.
ПМХЗ-да жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде ҚазМұнайГазға қарасты басқа екі қазақстандық зауыт — Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары — мұнай өнімдерін штаттық режимде шығаруды жалғастырады.