
Индер ауданының Индербор кентінде автомобиль және жаяу жүргінші жолдарын салу мен қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Құрылыс жұмыстарының мердігері — «Монолит Дизайн — 2030» ЖШС.
2024 жылдың шілде айында басталған жұмыстар аясында Шығыс шағын ауданында 5 шақырым жаңа жол салу, сондай-ақ кент ішіндегі ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын жолдарды қайта жаңарту жоспарланған.
Қазіргі уақытта Индербор кентіндегі 36 көшенің 24-інде құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оның ішінде алты көшеге қиыршық тас төселсе, қалған 18 көшеде жол қабаты тегістеліп жатыр. Сонымен қатар, Шығыс шағын ауданының барлық көшелеріне қиыршық тас төселіп, жақын арада асфальт жабындысы төселмек.
Индер аудандық ТҮКШ, ЖК, АЖ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Қайыржанов: — Бүгінде жол құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алты көшеде қиыршық тас қабаты толығымен төселді, ал қалған көшелерде жолды тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын. Шығыс шағын ауданындағы көшелерге де қиыршық тас төселіп, алдағы уақытта асфальт қабатын төсей бастаймыз, — деп мәлімдеді.