Атырау, 21 мамыр 19:50
 ашықВ Атырау +13
$ 511.59
€ 575.28
₽ 6.33

Атырауда «Жасыл ел» бағдарламасына қатысуға 1 200 өтініш түсті

256 просмотра
"АЖ" мұрағатынан

Атырау облысында биылғы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 21-ші маусымы басталды. Жоба аясында абаттандыру және көгалдандыру бағытында жастардан мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Самал Сатханқызы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.

– Сарбаздарды онлайн тіркеу жалғасуда. Аудан орталықтары ұсынған квоталар негізінде жұмыс орындары бөлінетін болады. Жоба аясында бірінші кезекте жұмыссыз және шалғай ауылдық округтердегі жастар қамтылмақ. Сарбаздарға төленетін ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңгенің көлемінде. Сонымен қатар экологиялық, мәдени, танымдық бағыттағы іс-шаралар арқылы жастардың дамуына жол ашылады, – деді Самал Сатханқызы.

Биыл жобаны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда. Бірлестік төрағасы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, жастарға мотивация беру мақсатында арнайы сыйлықтар мен онлайн курстарға қатысу сертификаттары қарастырылған.

– Жобаға қызығушылық жоғары. Қазірдің өзінде мыңнан астам өтініш қабылданды. Мұны жастардың еңбекке деген ықыласы мен елді көркейтуге қосатын үлесінің көрсеткіші деп білеміз. Биыл да сарбаздарымыз өздерінің еңбекқорлығымен көзге түсетініне сеніміміз мол. Жұмыстар барысын әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан және жергілікті БАҚ арқылы бақылап отыруға болады, – деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы бұл жоба аясында жастардан мың адам, ал 2023 жылы 1756 адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек 2024 жылы Жылыой ауданында сарбаздар алғаш рет құрылыс бағыты бойынша еңбек етті. Бұл тәжірибе биылғы маусымда да жалғасын таппақ.

Кеше, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және [email protected] жіберіңіз.





OSZAR »