
Қаладағы ең ірі сауда орны «Дина» базарын тексеру барысында сібір жарасының бактериялары анықталды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бактериялар пышақты жуған кезде табылды. Ет сатылған павильон уақытша жабылып, онда дезинфекциялау шаралары жүргізіліп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, экспресс-тестілеу ауру қоздырғыштың бар екенін растады. Нәтижесінде зертханалық зерттеулердің қорытындысы шыққанша павильон жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Барлық қажетті дезинфекциялық шаралар санитариялық нормаларға сәйкес жүргізіліп жатыр. Павильонда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің тізімі жасалды, олар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
– Бұған дейін санитариялық қызмет мамандары қаладағы 65-тен астам сауда орнын тексеріп, зерттеуге алынған 700-ден астам сынама нәтижесі расталған жоқ. Алайда, қайта тексеру кезінде қосымша сынамалар алынып, қазір ұлттық сараптама орталығында тексерілуде. Олардың нәтижесі жақын күндері белгілі болады, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қала тұрғындарына ветеринарлық бақылаудан өткен етті сатып алуға, тағамды кем дегенде 70°C температурада мұқият пісіруге, шикі етті ұстағаннан кейін қол мен пайдаланған құралдарды мұқият жууға, шығу тегі белгісіз ет немесе жеткіліксіз термиялық өңдеуден өткен өнімдерді жемеуге кеңес беріледі.
– Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды, тек жануарлардан немесе олардың өнімдерінен ғана жұғатынын есте ұстаған жөн. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қарашада Атыраудағы мал базарында бір сиыр өліп, одан "сібір жарасы" дерті анықталды. Кейін «Асыл-Агро» мал сою цехының жұмысшысы аурудың теріге шығатын түрін жұқтырған. Одан кейін тағы бір әріптесі дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
Айнұр САПАРОВА